Әлемдегі ең қымбат логотиптер

Әлемдегі ең қымбат логотиптер

Автор: Сымбатбек Дәрігерханұлы

03/11/2020 16:25

Бүгінгі күні қай компанияны болсын логотипсіз елестету мүмкін емес. Жаңадан құрылған фирмалар мен үлкен корпорациялардың бәрі де тартымды, символдық мәні бар белгіге мұқтаж.

Визуализация дәуірінде түрлі геометриялық пішін, әріп, таңба, түстермен берілген ақпараттың жадта берік сақталатыны анықталып отыр. Мысалы, он адамның сегізі логотиптің есте қалуында түстің рөлі зор деген пікірде. Сондай-ақ мамандар логотип әзірлеудегі негізгі, қосалқы және кіріккен түстердің ара қатынасы 60%/30%/10% болса, ең сәтті үйлесім туатынын анықтаған. Сан-салалы факторлар логотипті күрделі ғылыми зерттеу деңгейіне көтеріп отыр. Сондықтан лого тек дизайнер емес, маркетолог, психоаналитик, нарық сарапшысы, стратег қатарлы бір шоғыр кәсібилердің ортақ жұмысына айналды.

Сапалы, айтар ойы бар логотиптің құны қанша болуы мүмкін? Әрине, көзқарас та, баға да әртүрлі. Ендеше,  әлемдегі қымбатқа әзірленген логотиптердің шоғырына тоқталып өтелік. Сіздің патша көңіліңіз не дер екен, пайымдап көріңіз. 

 

TOP 1

Symantec – 1,280,000,000 $.

Symantec – көпке таныс брендттердің бірі. Иә, бәлкім, сіз оның тұтынушысы да боларсыз. Өйткені антивирус, жүйе қауіпсіздігі, ақпараттық қорғаныс  бағдарламаларымен аты шыққан компанияның қызметін жер шарының қай бұрышынан да тұтынатындар көп.

Бір қарағанға қарапайым көрінетін логоға мамандар біраз мағына жүктепті. Кәсіби сарапшылар үстіңгі бөлігіндегі дұрыс таңбасы операцияның сәтті жүзеге асқанын аңдатса, шеңберге берілген сары түс қорғаныстың тұрақтылығы мен ұдайылығын бейнелейді дейді. Ал жалпы үйлесім сенім мен қауіпсіздікті ұғындырады екен. Не дегенмен де лого ең қымбатқа жасалған тапсырыс ретінде біріншілікті ешкімге берер емес. Оған жұмсалған қаржыны өз валютамызға шақсақ 549 миллиард 611 миллион 264 мың теңгені құрайды. Бұл дегеніңіз тұтас Алматының 2018 жылғы бюджетінен 118 миллиард теңге артық қаржы.

 

TOP 2

BP (логотип және маркетинг) – 211,000,000 $.

Ірі мұнай-гай концерндерінің біріне жататын BP біздің тізімнің екіншілігін еншілейді. Мұнай саласымен айналысатын Бритиш Петролеум-нің еліміздің Каспий қайраңы мен Қашаған кен орнын игеруде де үлесі бар.

2008 жылы компания ребрендинг жасап, ескі логотипін (суретте сол жақта) күнбағыс тектес жаңа логотиппен (суретте оң жақта) ауыстырды. «The Daily Telegraph» басылымының хабарлауынша, концерн тек лого дизайнының өзіне ғана 4 миллион 600 мың фундстерлинг жұмсаған, ал ребрендингтің жалпы құны 136 миллион фундстерлингті құрайды. Қазіргі бағаммен есептегенде орта есеппен 75 миллиард 664 миллион теңгеден асатын бұл шығын біздің кейбір облыс бюджетімен шамалас.

Осыншама қаржы мен күш жұмсап әзірлеген логоның айтары не дегенге келсек, мамандар ерекше стильдегі күнбағыс күн энергиясын, ал жасыл түс қоршаған ортаға деген сезімталдықты бейнелейді дегенді айтады.

 

TOP 3

Accenture – 100,000,000 $.

Шерудің үшіншілігін Accenture компаниясы түйіндейді. 130-ға жуық елде қызмет көрсететін Accenture – әлемдегі ең үлкен консалтинг компания. Мекеменің ақпараттық технология, аутсорсинг, кадр басқару, стретегиялық жоспарлау сияқты көптеген салаларда аты әйгілі. Дүниежүзінің үздік 500 компаниясы тізіміне енеді.

Логотипті 2001 жылы Landor Associates компаниясының мамандары әзірлеген. Бірыңғай қаріптерден тұратын логодағы жалғыз дизайн элементі  – «Т» қарпінің үстіндегі қызыл түсті бұрыш белгісі. Лого авторлары оны компанияның дамуы, жарқын келешегімен байланыстырады. 

 

 

TOP 4

Норвегия поштасы – 55,000,000 $.

Бұрынғы лого                                              Ребрендинг

Құрылу тарихы 1647 жылдан басталатын Норвегия поштасы – тауар тасымалы, электронды ақпарат, пошталық қызмет қатарлы салаларда сервис ұсынатын халықаралық деңгейдегі ірі компания. Норвегия нарығын толығымен монополиялаған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің меншік иесі – Норвегия мемлекеті.

Компания 2008 жылы ребрендинг жасайды. Жаңа логотиптің концепциясы туралы мекеменің байланыс жөніндегі директор Elisabeth Gjolme былай дейді: «Біз атауды сақтаймыз, бірақ символ жаңарады. Жаңа пошталық белгі – классикалық мүйізімен және корольдік тәжімен есте қалған ескі логотиптің модернизациясы. Біз үшін дәстүрлі белгінің элементтерін жаңа логотипте сақтау маңызды болды».

 

 TOP 5

ANZ – Аустралия және Жаңа Зеландия банк

тобы (ребрендинг) – 15,000,000 $.

 

 

Штаб пәтері Мельбурнда орналасқан ANZ – Аустралия құрылығындағы 4 ірі банктің бірі және әлем банктерінің рейтингінде алғашқы елулікке енетін табысты қаржылық құрылым. Бір жарым ғасырдан артық тарихы бар ANZ  көк түсті алу  арқылы сенім мен тұрақтылықты және болашаққа деген үмітті білдіруді көздепті.   

 

TOP 6

BBC (логотипті редизайндау) – 1,800,000 $.

Көпке таныс БАҚ-тың бірі – ВВС. Өткір де жедел әрі обьективті жаңалығымен тәнтті еткен арна табысты медиа компаниялардың санатынан. 1997 жылы компания бұрынғы түрлі түсті логосынан бас тартып, ақ-қара түсті қарапайым нұсқаны таңдады. Дегенмен өзі қарапайым болса да жұмсалған қаржы логотипті қымбат ондықтың  қатарына қосып отыр.

 

TOP 7

Citi Bank – 1,500,000 $.

Логотип – 1998 жылы Citibank Group пен Travelers Group-тың бірігуінен пайда болған жаңа туынды. Pentagram-ның танымал жобалаушысы Paula Scher қолынан шыққан бұл жобаға тамсанғандар көп болды. Бір қызығы сызбаның нобайы әуелгіде қол сүртетін майлықта дүниеге келіпті. Өз сұхбатында Paula Scher: «менің ұлы туындыларымды батылдықпен салған сызбаларымнан іздеу керек. Клиенттер көбіне арнайы жұмыс үдерісін бағалайды. Кейде тез орындалған жұмысқа қаржысын артық жұмсағандай сезінеді. Бірақ менің 10 минутта бітірген жұмысымда 34 жылда жиналған тәжірибемнің бодауы бар», – деп ағынан жарылыпты. Логотип 20 жылдан бері еш өзгеріссіз қолданылып келеді.   

Citi Bank логотипінің Scher сызған алғашқы нобай нұсқасы.

 

 TOP 8

Pepsi – 1,000,000 $.

Пепси – айрықша танымал брентердің бірі. Әлемнің 200-ден астам елінде  пепси сусыны сатылады екен. Тамақ және сусын өнеркәсібінде ірі төрттіке кіретін компания ребрендингке аянып қалмапты. 2008 жылы Arnell Group жарнама компаниясына өздеріне арнап жаңа лого әзірлеу туралы тапсырыс береді. Сөйтіп ескісін (жоғарығы суретте сол жақта) жаңасымен (суретте оң жақта) ауыстырады. Осы өзгеріс үшін миллион АҚШ долларын жұмсаған екен. Алайда кейін сауалнамада белгілі болғандай көп тұтынушылар логотип ауысқанын тіпті байқамай да қалған.

Бөлісу:


Ұсынылған